Алматыда өткен республикалық астрономиялық турнирде батысқазақстандық оқушылар екінші орынды иеленді

None
ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат - «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында өткен ІІІ республикалық астрономиялық турнирде батысқазақстандық оқушылар екінші орынды иеленді.

БҚО құрамасын бастап барған Орал қаласындағы №38 орта мектеп мұғалімі Алтынай Меңдібаеваның айтуынша, оқушылардың астрономия, физика, ғарыш әлеміне деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі астротурнирге биыл республиканың барлық облыстары мен Алматы қаласынан барлығы 18 команда қатысты. Сайыс шарты бойынша оқушылар жекелей-командалық бәсекеде күрделі есептерді шешіп, ғылыми пікірталаста өз шешімдерін қорғай білуі тиіс.

Турнир барысында өз білім-пайымын көрсете алған БҚО командасы сапында Оралдағы №34 орта мектептен Нұргүл Қалиева, №38 мектептен Сабхат Бержанов, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінен Мерей Сатыбалдиев пен Амангелді Оразов, Тасқала ауданындағы «Сәулет» мектеп-гимназиясынан Нұрбек Ибраев болды. Олардың бәріне де дипломдар табыс етілді.