Алматыда өзіне қол салмақ болған әйел құтқарылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық полицейлер көпірден секіріп өлмек болған әйелді ажалдан арашалап қалды. Оқиға бүгін 23 сәуір түскі сағат 11:30 шамасында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 43 жастағы әйел өзін-өзі өлтірмек болды. Ол әл-Фараби даңғылы мен Ходжанов көшесінің қиылысында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірінің қоршауынан шығып, секіруге әрекеттенген.

Полиция қызметкерлері оның секіруіне жол бермеді.

«Біз сағат 11:30-дар шамасында экипаж құрамында даңғыл бойымен жүрдік, көпірде тұрған әйелдің қоршаудың арғы бетіне шыққанын байқап қалдық. Бірдененің дұрыс емес екендігіне күдіктендік. Алдымен мен оған жүгіріп бардым. Бірнеше секундтың ішінде мен әйелге жақындап барып, оны ұстап алдым. Содан кейін менің әріптесім, полицей Ермек Меңғалиев келді. Бейтаныс әйелдің секіруге тырысқанына қарамастан, біз оны шығарып алдық. Кейін әйел адам қатты жылады, тіпті, ол бізге мас болып көрінді. Оның жағдайын ескере отырып, біз оны сұрақтармен мазалаған жоқпыз, мән-жайды түсіндіру үшін оны Бостандық аудандық оолиция басқармасына апардық, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ мамандандырылған батальонының аға инспекторы Ернұр Тілектес.