Алматыда паллиативті көмекті қайдан алуға болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарына паллиативтік көмекті қайдан алуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарманың мәліметінше, паллиативті көмек дегеніміз - мамандандырылған емдеу мүмкіндігі шектеулі немесе таусылған жағдайда созылмалы аурулардың түрлі нозологиялық түрлерімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған денсаулық сақтау саласы.

Бұған қатерлі ісік аурулары, бауыр ауруы, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі, инсульттан кейінгі зардаптар, ауыр жарақаттар жатады.

Паллиативтік көмектің негізгі міндеті – ауруды жеңілдету және аурудың басқа да ауыр белгілерін азайту, медбикелік күтім, пациенттерге және оларға күтім жасайтын жақындарына қолдау көрсету.

«Паллиативті медициналық көмек қала тұрғындарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қалалық паллиативті көмек орталығында тегін көрсетіледі. Емдеу тіркелген емхананың жолдамасымен жоспарлы тәртіпте емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы жүзеге асады», – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызмет бөлімінің басшысы Лайла Иманғалиева.

Қалалық паллиативті көмек орталығы 170 төсек-орынға арналған. Орталықта 5 бөлімше қызметі көрсетеді.

Сондай-ақ, паллиативті көмекті Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасынан ақылы негізде алуға болады.

Онда қазан айынан бастап пациенттерді ұзақ емдеу бөлімшесі ашылған.

«Паллиативті көмек шеңберінде қалалық онкология орталығында емделмейтін қатерлі ісік диагнозы бар адамдарға медициналық-психологиялық көмек көрсету бойынша көшпелі мобильді бригада жұмыс істейді. Онкологиялық бригада аудандық онкологтармен тікелей жұмыс істеп, тегін көмек көрсетеді. Пациенттердің туыстары мен пациенттердің өздері: 8 708 973 03 03 жедел желі нөміріне хабарласа алады» - деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.