Алматыда пара алған Мемлекеттік кіріс департаментінің бұрынғы бөлім басшысы сотталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Алматы қаласы Мемлекеттік кіріс департаменті Қызметтік тексеру бөлімінің бұрынғы басшысы Светлана Вольф және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты оның ішінде, бірқатар жалған кәсіпорын басшыларына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ҚК 262-бабы 3-бөлігі, 28-тармағы, 215-баптың, 1-бөлігі, 366-баптың, 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша және ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігін пайдалана отырып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы сотталушы Светлана Вольфтің жеке мүлкі тәркілене отырып, жалпы режімдегі түзеу колониясында жазасын өтеу үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда ұйымдастыру істері бойынша жетекшілік қызметке тағайындалу құқығынан айырылды», - деді сот үкімі оқыған судья Кеңшеләк Әбделдинов.

Светлана Вольфті тұтқында ұстау шарасы бұрынғысынша қалдырылды. Жазасын өтеу уақыты 2016 жылдың маусым айынан басталады.

Оның сыбайластары Марина Рахуба және Янис Олесов жеке мүлкі тәркілене отырып 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған сотталушыларға да мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет атқаруға тыйым салынды. 

Марина Рахуба жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында, Янис Олесов қатаң режімдегі колонияда жазасын өтейтін болды.

Еске сала кетейік, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 45 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде Алматы қаласы Мемлекеттік кіріс департаменті Қызметтік тексеру бөлімінің бұрынғы басшысы Светлана Вольф және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты оның ішінде, бірқатар жалған кәсіпорын басшыларын ұстаған.

Тергеу шаралары С. Вольфтің қызмет бабын асыра пайдалана отырып, Олесов және Рахуба жетекшілік еткен жалған кәсіпкерлік арқылы жүйелі түрде заңсыз ақшалай сыйақы алып келгенін анықтады.