Алматыда Парламент депутаттары «Ашық есік» күніне қатысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Мемлекеттік қызмет істері департаментінің кезекті Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен қабылдауға Парламент депутаттары мен бірқатар мемлекеттік органдардың лауазымды өкілдері қатысты.

Құзырлы органдардың өкілдері әртүрлі мәселемен жүгініп келген азаматтарға кеңес берді. Қоғамдық қабылдау өтетіні жайлы әлеуметтік желілерде алдын ала хабарланғандықтан, аталмыш кездесуге алматылықтар көптеп жиналды.

Тұрғындар тек мемлекеттік қызметтер ғана емес, толғандырған басқа да көптеген мәселелермен келді. Солардың бірі, қала тұрғыны, 3-топ мүгедегі Наталья есімді азамат, пәтері бірінші қабатта болса да, үйдің лифтін пайдалану бойынша 300 мыңнан аса берешек жиналып қалғанын айтып шағымданса, тағы бір арбадағы азамат қаладағы көп нысандарда пандустардың жоқтығын алға тартты. Енді бір тұрғын үй маңында ашылған көлік тұрағының күні-түні тұрғындар тыныштығын алатынын айтып шағымданды. Бұл мәселелерді Әуезов аудандық әкімі аппаратының басшысы Дәурен Халықов өз қаперіне алды.

Иелігіндегі жеріне жаңа акт алған азамат, екі жыл өтсе де ескісі нотариус базасынан шығып тұрғанын, жаңасын алғанда ескісі неге жойылып кетпегенін айтса, екінші бір тұрғын пәтерінде өзге адамдардың тіркеліп тұрғанын, ол үшін коммуналдық төлем төлегенін, енді сол төлемдерді қайтару жолын білуге келген. Бұл азаматтардың мәселесін анықтаған «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының директоры м.а. Абдурасул Кулдашов, электрондық ақпараттық базалардан кеткен қателіктер екенін, оған ХҚО мамандарының қатысы да, қолжетімділігі де жоқ екенін айтты.

«Тұрғындар құжаттарын ХҚО-ға өткізіп, осы жерден нәтижесін алатындықтан, барлық қиындықтар мен қателіктерге ХҚО мамандарын кіналап жатады. Бірақ, ол құжаттардың барлығы тиісті уәкілетті органдарда өңделіп, дайын болғанда ХҚО-ға келеді. Қателіктер, бастартулар сол уәкілетті органдар тарапынан болуы мүмкін. Сондықтан қызмет алушылардың шағымдарын қанағаттандыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етеміз. Осындай қабылдаулар да сол үшін ұйымдастырылуда», - деді Абдурасул Кулдашов.

Азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастрын тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу мәселелері бойынша сұрақтарына Азаматтарға арналған үкімет мамандары жауап берді. Кейбір өтініш иелерінің мәселелері бойынша жауапты мекемелерге тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауда болатыны ескертілді.

Бірқатар өтініштерді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев тиісті министрліктерге мәселе қойып, шешілуіне атсалысатынын мәлімдеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шеңберіндегі мұндай қабылдаулар өзге аудандарда да жалғасады. Біз алдағы қабылдауларға мемлекеттік органдарды көптеп тартатын боламыз. Бүгінгі күндері 4-5 мемлекеттік мекеме өкілдері қатысса, келесі жолы олардың қатары өседі. Себебі, сұрақтармен келіп жатқан азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу үшін, тиісті мекеме өкілдерінің қатысу қажеттілігі туындап отыр», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев.

Ашық есік күніне келген 100-ден аса азамат сұрақтарын билік өкілдеріне бетпе-бет отырып қоя алды.