Алматыда пәтер тонаушылар тобы әшкереленді

АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Қылмыскерлер кезекті ұрлық үстінде ұсталды. Бұл жолы жауыз ниеттілердің назары Қабанбай батыр көшесіндегі 260-үйдің пәтерлерінің біріне түскен, деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.

«Шамамен, күндізгі сағат бір жарымда полицияға жергілікті тұрғын телефон шалып, есіктің көзегінен (глазок) баспалдақ алаңшасына қарағанда жоғары қабатқа көтеріліп бара жатқан екі күдікті ер адамды көргенін хабарлаған. Полициялар дереу серпіліс танытып, көзді ашып-жұмғанша подъезге келіп жеткен екі бірдей «Боран» патрульді экипажы кіреберісті мұқият тексеріп, кірер есік кілті сындырылған пәтерді аңғарған»,- деп хабарлады шараның бастапқы мән-жайы туралы патрульді полиция полкінің командирі, полиция майоры Серік Кененбаев.

Формадағы адамдарды көріп қалған шақырылмаған қонақтар терезеге қарай асыққан. Үшінші қабатта орналасқан аталмыш пәтер арам пиғылдылар үшін бөгет болмай, терезеден секіріп кеткен олар, полицейлердің басқа тобымен кездескендеріне аң-таң қалған.

«Патрульді полиция полкінің наряды кәсіби қызметтерінде жиі кездесетін алуан түрлі жағдайларда өздерінің жауынгерлік және қызметтік дайындықтарын қолданып жатады. Бұл жолы да топқа бөлінген күзет полицейлері күдіктілердің барлық жолын қоршап алады. Тәжірибе көрсеткендей, уақтылы көрсетілген тиісті шара нәтижесінде қылмыскерлердің өз жоспарларын жүзеге асыруының жолын кеседі»,- деп атап өтті майор Кененбаев.

Пәтер тонаушылар қалада осы үйдің ауласында тұрған «Лексус» автокөлігімен жүргендігі анықталды. Көлікті тексеру кезінде полицейлер 5 ноутбук пен бірнеше ұялы телефон табылды. Табылған заттар да ұрланған деген жорамал бар. Бірінші жауап алуда-ақ ұсталғандар өз кінәлерін мойындады.

Серік Кененбаевтың сөзіне қарағанда, ұсталғандардың екеуі де Шығыс-Қазақстан облысының тұрғындары болып шықты. Еске сала кететін болсақ, олардың екеуі де ұрлық және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Тергеу пәтер ұрыларының басқа да ашылмай жатқан қылмыстарға қатыстылығын тексеруге мүдделі.