Алматыда Петролеум Қазақстан қауымдастығының БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі семинары өтті

АЛМАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Петролеум Қазақстан қауымдастығының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған жыл сайынғы дәстүрлі семинары өтті. Мұнай-газ саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар қауымдастығының бұл шарасы биыл 9-шы рет ұйымдастырылып отыр.

«Қазақстандағы мұнайгаз саласындағы компаниялар арасындағы бейресми кездесулер 1994 жылы басталған болатын. 1998 жыл Амстердамда олардың Петролеум Қазақстан қауымдастығы құрылды. Ал 1997 жылы 6-ақпанда біз Қазақстандағы өкілдігімізді аштық. Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылғанға дейін оның жұмысын біз атқардық», - дейді қауымдастықтың Атқарушы директоры Ержан Біләлов. Оның айтуынша, Петролеум Қазақстан қауымдастығы қазіргі таңда көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және сервистік қызметпен айналысатын 20 елдің 40-тан астам компаниясын біріктіріп отыр. Бұл тәуелсіз салалық қауымдастықта - «Экологиялық сауалдар», «Үкіметпен байланыс», «Қаржы, салық және заңдық сауалдар», «Қазақстандық құрылым», «HR», «Сыртқы байланыс» деп аталатын ммамандандырылған 6 комитет жұмыс жасайды. Олар қауымдастық мүшелерін ай сайын саладағы ахуал туралы талдау ақпараттарымен қамтамасыз етіп отырады.