Алматыда «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деп аталатын әдеби-поэтикалық кеш өтті
14:30, 22 Қыркүйек 2011
МАТЫ. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арналып және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған орайластырылған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деп аталатын әдеби-поэтикалық кеш болды.
«Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған бұл шараны ҚР Тұңғыш Президентінің қоры ұйымдастырып отыр. Олар мұнда өздері шығарған «Мұқағали. Таңдамалы шығармалар» кітабының тұсаукесерін жасауда. Оған ақынның «Атамекен», «Ақ қайың әні», «Мұзбалақ», «Алтай-Атырау», «Моцарт. Жан азасы» (Реквием), «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмалары және таңдамалы лирикалық өлеңдері енген», - дейді Жұлдыз Мұқағалиұлы. Мұқағали Мақатаев халықаралық қорының басшысы, ақынның келіні Бақытгүл Қыдырбайқызының айтуынша, мұндай әдеби-поэтикалық кеш енді Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен қараша айында Астана қаласында өтпек. Бұған дейін 80 жылдық мерейтой аясында осындай кеш көршілес Қытай елінде өткен болатын.