Алматыда полиция қызметкерлері қытайлық азаматтың өліміне қатысты қылмысты ашты

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Асылбек Касымхан/ -  Алматыда полиция қызметкерлері осыдан бірнеше күн бұрын болған қытайлық азаматтың өліміне қатысы бар екі күдіктіні  ұстады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Жетісу аудандық ішкі істер бастармасының бастығы  Канат Таймерденовтің айтуынша, бірнеше күн бұрын жедел басқару орталығына  Луговской көшесіндегі қоймада зорлықпен өлтірілген 43 жастағы Қытай азаматы  Вэнг Игуйдің мәйіті табылғаны жайлы  хабар келіп түскен. Осы оқиға бойынша қалалық ІІД қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру тобы құрылған еді. Жедел іздестіру шаралары барысында Қытай Халық Республикасында туған екі азамат қолға түсті. Олар  алғашқы тергеу шаралары кезінде-ақ бұл қылмысты қомақты қаржыға ие болу мақсатында жасағандарын  мойындап отыр.

 «Оңай олжаға кенелмек болғандардың бұл қылмыстық әрекетінің  нысанына айналған - Вэнг Игуй  бірнеше жылдан бері Алматыдағы әмбебап базарлардың бірінде  сауда-саттықпен айналысқан. Оның қол астында жұмыс жасаған күдіктілер, В. Игуйдың апта сайын өз еліне қомақты ақша  жіберіп жүргенін біледі.  Тергеу кезінде олар Вэнгті өзі тұрып жатқан  жерде басынан  темірмен  ұрып өлтіріп, 12 мың АҚШ доллары көлеміндегі  ақшасын алғанын және  оны үшеуі өзара  бөліскенін мойындады. Қазіргі таңда олардың үшінші сыбайластарына іздеу салынды», дейді полиция подполковнигі Канат Таймерденов.