Алматы қалалық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, былтыр қалада полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде күш көрсетудің 21 дерегі анықталды.
Аталған эпизодтар бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша қылмыстық істер тіркелді.
«12 дерек бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер ҚР заңнамасына сәйкес лайықты жазасын алды. Осы жылдың қаңтар айында департаменттің тергеу бөлімі 3 қылмыстық іс тіркеп, күдіктілер қамауға алынды. Билік өкілдеріне күш қолданудың әрбір дерегі ерекше бақылауда, - деді Алматы қаласы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерік Жұмабай.
Басқарма бастығы билік өкіліне қарсы күш қолданған немесе қорқытқан адамға үш жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын еске салды.