Алматыда полициядан қашқан мас жүргізуші жол апатына түсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда полициядан қашқан мас жүргізуші, ірі жол апатын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаменті мәлім еткендей, Абай мен Достық даңғылдарының қиылысында «Лексус» автокөлігі потрульдік полицияның назарына ілікті. Аталған көліктің жүргізушісі А. есімді азамат тәртіп сақшыларының талаптарына бағынбаған.

«Біріншіден, автокөлік жүргізушісінің агрессивті әрекеттер жасап полиция қызметкерлерінің назарын аударды. Бірақ жүргізуші олардың жағдайға қатысты талаптарына бағынбай, полициядан қашқан. Сол кезде сол бағытта келе жатқан екі көлікпен соқтығысты. Сот-наркологиялық сараптама оның алкогольдік масаң күйде екенін анықтады»,– деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқық бұзушы тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ, 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар, апат болған жерден кетіп қалғаны үшін күдіктіге 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынғандарға арналған ПД-ның мамандандырылған қабылдау орнына орналастырылды.