Алматыда пошта қызметкерлерінің арасында тұңғыш рет «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық байқау өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда пошта қызметкерлерінің арасында тұңғыш рет   «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты республикалық байқаудың қорытынды сыны өтіп жатыр,

       деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда  «Қазпошта» Акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтуде.

«Бұл шараны алғаш рет пошта саласында мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру мақсатында бізде жұмыс атқарып жатқан өзге ұлт өкілдері арасында   өткізіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз - бүгінгі таңда өзекті болып отырған қазақ тілінің қоғамдағы орны жөніндегі көкейкесті мәселеге сергектік таныту, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу, пошта саласында еңбек ететін ұлты өзге жұмыскерлерді мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру», дейді «Қазпошта» Акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Сиырбаев Ерсерік.

Ақтық сынға 2 ай бойы өткен сайыстың алдымен аудан, одан кейін облыс жеңімпаздары атанған, барлығы 16 талапкер, әр түрлі ұлт өкілдері қатысуда.  Қатысушылар мемлекеттік тілде тест тапсырып, қазақ тілінде жатық сөйлеу, сөз тапқырлық, ұлттық салт-дәстүр бойынша сынға түсуде және өз кәсібі жөніндегі білімдерін де ортаға салуда. Алты кезеңнен тұратын байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.