Алматыда Президенттік жаңажылдық шырша болып өтті

None
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қабылдау үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жағдайы төмен отбасылардың балаларына,

оқу озаттарына және әр түрлі байқаулардың жеңімпаздарына арналған дәстүрлі жаңажылдық шырша болып өтті.

Биыл осымен 12-рет ұйымдастырылған шыршаға 150 бала қатысты. Балаларға театрдың, кино мен эстраданың ең үздік әртістерінің қатысуымен арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Олар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Жаңа жылдық қойылымда сүйікті ертегі кейіпкерлері - Алдаркөсе мен Жиренше, Рапунцель, Жалмауыз кемпір, сондай-ақ келе жатқан Айдаһар жылының символы бүлдіршіндермен бірге әлем халықтарының түрлі ойындарын бірге ойнап, бәйгеге қатысып, халық билерін биледі. Балаларды 2012 жылмен сондай-ақ танымал әртістер Алишман, Emotion және «Орда» топтары құттықтап, думанды мерекенің ажарын ашты.

Мерекелік шыршаның басталуында арнайы жазылған бейнетаспа арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыршаға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, мақсаттарына жете берулерін тіледі.

Мерекелік ойын-сауық бағдарламасынан кейін әр бала Елбасы атынан сыйлықтар алды.