Салтанатты жиынды аталған университеттің оқу-тәрбие жөніндегі проректоры, профессор Ұлықпан Сыдықов өзінің құттықтау сөзімен ашып, мерейтой иесінің ғылым жолында атқарған еңбектеріне тоқталып, жеткен жетістіктерімен таныстырып өтті. «Мемлекетіміздің баға жетпес мейрамы Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақ халқының маңдайына біткен, ардақты да ғұлама ғалымымыз Д. Кішібеков 85 жасқа толып отыр. Ол философия ғылымының көшбасында жүрген еңбекқор адам әрі университетіміздің ұстазы, ҚР-ның жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қызметкер. Сондықтан бұл тойды атап өту біз үшін мақтаныш», - деді проректор.
Д. Кішібеков 700-ден артық ғылыми еңбектің авторы, оның 50-ге жуығы монографиялық еңбек. Сонымен қатар 30-40 ғылым кандидаттары мен докторларын дайындаған.
"Бүгін - Қазақстан ғылымының ерекше күні. Бұл кісінің атқарған еңбегі орасан, оның жасаған істері көп ғалымдардың қолынан келе бермейді. Ол өте турашыл адам, сол үшін де құрметтеймін", - деді ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов.
Жиын барысында университеттің ең жоғарғы наградасы "Айрықша еңбегі үшін" медалы табысталып, көптеген мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ аталған шараға университтеттің оқытушы және профессорлар қауымы мен мерейтой иесінің басқа да жоғары оқу орындарындағы әріптестері келді.