Алматыда ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 0,8 пайызды құрайды

АЛМАТЫ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ресми түрде тіркелген жұмыссыздар экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың 0,8 пайызын құрайды. Бұл бүгін алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісте айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "Статистикалық агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, Алматыда жұмыссыздықтың деңгейі екінші тоқсанның қорытындысында 8 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда ол 8,2 пайыз болатын. Қаладағы экономикалық белсенді тұрғындардың саны 705 мыңнан астам. Ресми түрде тіркелген жұмыссыздық 0,8 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бұл 5817 адам", дейді еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Әмір Құлмаханов. Оның айтуынша,   алғашқы жартыжылдықта жұмысқа орналастыру бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Сондай-ақ 2400-дей жұмыссыз қоғамдық жұмысқа тартылып, 507 адам әлеуметтік жұмыстарға, ал 836 адам кәсіптік даярлықтан өтуге жіберілген. Жасырын жұмыссыздық 4 мыңнан 2800-ге дейін қысқарды. Мамандарды қайта  дайындауға жергілікті бюджеттен 3,5 миллион теңге бөлінген. Ол жүзеге асырылған кезде  30 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 20 мыңы инвестициялық жобалар бойынша ашылмақ.