Алматыда Республикалық «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Осы шараға байланысты Алматы қаласы Алатау ауданы жол полицейлері қоғамдық көлік жүргізушілері арасында «ашық есік» күнін өткізіп отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алатау ауданы ІІБ ЖПБ бастығы капитан Арыстан Үкиевтің айтуынша, бұл шараның мақсаты - жол-көлік оқиғасын төмендетіп, барлық көлік жүргізушілерге жол ережесін сақтауына ескерту жасау. «Жүргізушілердің әрбір бұзған жол ережесі үлкен апатқа әкеліп соғары анық. Жақында Атакент көрме орталығының жанында қоғамдық көлік жүргізушісінің жол ережесін бұзуынан әйел адам қайтыс болды. Сондықтан ауданымызда орналасқан барлық автопарктерде осындай шараны өткізіп отырмыз», дейді А.Үкиев.

Сондай-ақ ол қалада қоғамдық көліктердің өте көптігін және сырттан да көптеп келетіндігін айтады.

«Олардың көбі жол ережесін сақтай бермейді. Аялдамаға жетпестен тоқтайды немесе жаяу жүргіншілер өткеліне адамдарды түсіріп жатады. Неге өйтіп жол ережесін бұзасың деп сұрай бастасаң, бұл жерде өте көп адам жиналғандықтан тоқтадық деп жауап береді. Меніңше, оның бәріне жүргізушілердің өздері кінәлі, әр жерге тоқтап адамдарды жаман үйретіп алған», деп атап өтті Арыстан Үкиев.