Алматыда республикалық «Тайжарыс» бәйгесі болып өтті

АЛМАТЫ. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында «Тайжарыс» бәйгесі болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны «НұрОтан» ХДП, «ЖасОтан» Жастар қанаты Туризм, спорт және денешынықтыру басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Қысқы азиада қарсаңында ұйымдастырылған бәйге «Тай атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» ұранымен өтті. Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат жастардың бойындағы ұлттық мінезді дамыту мен жас ұрпақ санасына ұлттық мәдениетті сіңіру. Ал бұл ат бәйгесіне «Vestel» сауда белгісімен «Ақдидар 2030» компаниясы және «Алматыкілем» ЖШС демеушілік көрсетті. Шараның тағы бір демеушісі «Сарыжайлау» корпорациясы келген қонақтар мен көрермендерге 50 л қымызы мен 50 л шұбатын тегін таратты.

«Жалпы бұндай бәйге республика көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Тай бәйгесіне 8 бен 14 жас аралығындағы шабандоз балалар қатысты. Біз осындай іс-шаралар арқылы жастар арасында ұлттық дәстүрлерімізді насихаттап, жастардың бойындағы ұлттық мәдениетін дамытуды көздейміз», дейді «НұрОтан» ХДП-ның «ЖасОтан» Жастар қанаты, Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Самғат Ермекбаев.

Бәйгеге жалпы саны 18 шабандаз қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша алдыңғы 5 орынға жүлде тігілген болатын.

1-орын Сатыбалдиев Ертілеудің «Ботагөз» атты тұлпары.

2-орын Жанқойлықов Сәбиттің «Құралай» атты тұлпары. Алматы облысы, Қарасай ауданы.

3-орын Әлімқұлов Темірланның «Айторы» атты тұлпары.

4-орын Рысқұлов Ғалымның «Қазына» атты тұлпары.

5-орын Далбатов Дударайдың «Бек» есімді тұлпары. Төрт жүлдегердің барлығы да Алматы облысы, Жамбыл ауданынан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық деңгейде өткізіліп жатқан бұл сайысты енді қазан айының 10-шы жұлдызында Астанада жалғастыру жоспарланып отыр. Ал Елордада болатын ат бәйгесінде әр аймақтағы бас бәйгегені иеленген сәйгүліктер бақ сынаспақ.