Алматыда режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының көрсетілімі болды

None
АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда танымал қазақстандық режиссер Сламбек Тәуекелдің "Жерұйық" драмасының көрсетілімі болды

Аталмыш фильм Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай арнайы тапсырыспен түсiрiлген. Фильмнің сценарий авторы Сламбек Тәуекел мен Лаврентий Сон. Туынды Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның шығарылымы.

Фильмде Қазақстан халықтарының достығы сипатталады, өткен ғасырдың 30-жылдарынан соң орын алған жұт кезіндегі елдің жағдайы суреттеледі.

Фильм режиссерінің айтуынша, "бұл фильм - қазақстандық кәрістер, түріктер, шешендер, күрдтер және өзге ұлт өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде, өздерінің қайғы-қасіреттеріне қарамастан, құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген алғысы" ретінде түсірілген.

Фильмдегi басты кейiпкер - Орынбай ақсақалдың бейнесiн сан алуан характерлi образдары арқылы танымалдылыққа ие болған Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, «Құрмет» орденiнiң иегерi, театр және кино актерi Болат Әбдiлманов сомдады. Фильмге сонымен қатар, Назгүл Қарабалина, Сергей Петров, Ержан Нұрымбет, Яков Ломега, Бағлан Әбдрайымов, Нұрқанат Жақыпбай, Эдуард Пак, Тамара Қосубаева, Алтынай Нөгербек, Тілектес Мейрамов, Татьяна Цой, Ментай Өтепбергенов, Алексей Шемес сынды актерлер түскен.

"Жерұйық" драмасы 2 маусымнан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін болады.