Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Оразбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді.
Сәбит Қоңырбайұлы 1936 жылы 19 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Бәйдібек ауылында өмірге келген болатын. 1959 жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын бітіріп, сол жылы Қазақтың мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа тұрды. 52 жыл бойы бір жерде жұмыс жасап келе жатқан өнер шебері сахнада әртүрлі кейіпкерлері сомдады. Оған - Арыстан ("Бөлтірік бөрік астында"), Мағауия ("Абай"), Достоевский ("Дала тұтқыны"), Алдар көсе ("Алдар көсе"), Ормантай ("Кішкентай ауыл"), Әбілқайыр ("Ант"), Жантық ("Қозы Көрпеш - Баян сұлу), Сүйеу ("Қан мен тер") Исабек ("Көктөбедегі кездесу"), Бұқар жырау ("Абылай ханның ақырғы күндері") сияқты рөлдерін мысалға келтіруге болады. Ерен еңбегі үшін "Отан», «Парасат», "Еңбек Қызыл ту" ордендердерімен марапаталған.