Алматыда Саин көшесін ұзарту жұмыстары биыл аяқталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Саин көшесін ұзарту жұмыстарын осы жылдың соңында аяқтау жоспарда бар. Бұл жайында қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саин көшесінің бойында көлік қозғалысын 2023 жылдың соңына дейін ашу жоспарланған. Мөңке би мен Ақын-Сара көшелерінің қиылысындағы жолайрығы бойынша 2023 жылдың соңына дейін барлық бағыт бойынша қозғалыс ашылады», - деп атап өтті Ерболат Досаев.

Сонымен қатар ол Алатау ауданының көшелері жөнделетінін атап өтті. Осы мақсатта аудан әкімдігінен 500 млн теңге бөлінді.

«2023 жылдың шілдесінде ұзындығы 60 км 63 көшені қамтитын 12 шағын ауданда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінде шағын аудан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ол. Бұдан бөлек, ауданда 18 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыс барысында электр жетегі бар көтергіш механизмдер мен лифттерді күрделі жөндеу, бейнебақылау орнату, арбамен және велосипедпен түсу қондырғысын орнату жоспарланды.

«5 жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Қаражат бөлінді», - деді Алматы әкімі.