Алматыда сальмонеллез ауруына шалдығу 20 пайызға (17 жағдайға) төмендеген

АЛМАТЫ. 3 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Өткен аптада Алматы қаласында инфекциялық және және паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды, деп хабарлайды Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада 55 жағдай тіркелген болатын. Сальмонеллез ауруына шалдығу 20 пайызға (17 жағдайға) төмендеген. Ал жабайы сауда орындарынан сатып алынған азық-түліктерден улану 9 пайызға (6 жағдайға) азайған. Қоғамдық тамақтану орындарына байланысты ішек инфекциясымен жаппай ауру жағдайы тіркелмеген.

Бұнымен қатар, Алматы қалалық Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау департаменті сауда орындарына рейд жүргізген. Соның барысында өткен аптада заңсыз жұмыс істеген 11 дүңгіршек анықталған. Рейд барысында сонымен қатар 23 жабайы сауда орындары мен 72 жайма базар нүктелерінің көзі жойылып, таратылған. Рейд жұмыстары сондай-ақ қала базарларының айналасында да жүргізілген.