Алматыда «Сәлем, мектеп!» қайырымдылық акциясы болып өтті

МАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы «Family park» саябағында әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларына арналған «Сәлем, мектеп!» атты қайырымдылық акция болып өтті.

Салтанатты мерекеге 100-ден аса 7-ден 15 жасқа дейінгі балалар қатысты. Барлық балаға мектеп сөмкесі мен «Мэри Кэй» компаниясы атынан мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Ұйымдастырушылар сыйлықтармен қатар, арнайы дайындаған концерттік бағдарламаны балалар назарына ұсынды. Онда балалар мен жасөспірімдерге арналған «Орленок», «Атамұра» және «Жетісу» демалыс орталықтарының өнерлі балалары өз шеберлерін көрсетті.

«Біз бүгін ауа-райының қолайсыздығына қарамастан мерекеміздің өткеніне қуаныштымыз. Біздің ұйым 10 жылдан бері балалармен жұмыс істеп келеді, сондықтан, кішкентай мектеп оқушыларына көмектің қаншалықты керек екенін жақсы білеміз. Бұл орайда, акцияға қолдау білдірген барлық ұйымдарға алғысымызды білдіреміз. Балалар жаңа оқу жылында тек жақсы бағаға оқиды деген үміттеміз»,-деді «Детство без границ» қоғамдық ұйымының президенті Рена Балыкова.

Аталмыш шара «Детство без границ» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен және Алматы қаласының Әуезов ауданы әкімдігінің, «Мэри Кэй (Қазақстан)» компаниясының, сонымен қатар, «Қамқор XXI» және «Бота» қоғамдық ұйымдарының қолдау көрсетуімен өткізілді.