Алматыда сарапшылар жер сілкінісінен болатын болатын залалдарды азайту мәселесін талқылады
Бұл шара дамушы елдерде табиғи апат тәуекелдерін басқару бойынша бағдарламаны ендіру аясында Дүниежүзілік банк пен Жапония Үкіметінің қолдауымен өтіп жатыр. «Орталық Азия елдерінде табиғи апаттарға дайындық және оның салдарын жою бойынша мол тәжірибе жинақталған. Дүниежүзілік банк сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы, білім және басқа да салалардың инфрақұрылымдарын дамыту бойынша талай жобаларға белсенді түрде араласып келеді. Қазақстанда бұл жобалардың бағасы - 2 млрд. АҚШ долларынан асып кетті. Сондықтан, біз қаржыландырып отырған жобалар, табиғи апаттардың тәуекелдерін азайту, мысалы жер сілкінісінен болатын зардаптарды азайту жағы ескеріле отырып жүзеге асырылғанын қалаймыз», - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сарожа Кумар Джа. Ол сонымен қатар, бұл форумның ұлттық және өңірлік деңгейде жер сілкіністеріне қатысты тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвестициялық шешімдер бойынша тәжірибе алмасу алаңына айналатындығын жеткізді. Оның айтуынша, әлеуетті қауіп-қатерлерге дайындалу бойынша бірлесе белсенді әрекет жасауға көмектеседі. Ал Еурокомиссияның гуманитарлық көмек көрсету және азаматтық қорғаныс бойынша өңірлік директоры Карлос Афонсоның айтуынша, Орталық Азия елдерінің күшті зілзала салдарынан болатын ықтимал эконмикалық шығыны - Жалпы ішкі өнімнің 47 пайызын құрайды. «Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде экономикалық өсім жылына шамамен 10 пайызға өсуде. Бұл - мейлінше жоғары көрсеткіш. Мысалы, Қазақстанда қарқынды түрде жаңа әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Халық саны өсуде. Сондықтан, бүгін біз осы жиында зілзаланың салдарын барынша азайту жолдарын іздестіріп жатырмыз», - деді К. Афонсо.