Алматыда сатушылар мен сатып алушылар кездесуі өтіп жатыр

None
      АЛМАТЫ. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Бүгін      Алматыда қазақстандық өндірушілер мен Қазақстандағы  шетелдік іскерлік қауымдастықтар, шет елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен сатушылар мен сатып алушылардың кездесуі өтіп жатыр,

   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Оны ҚР  Индустрия және сауда министрлігінің қолдауымен «KAZNEX» экспортты ілгерілету және даму корпорациясы» АҚ-ы  ұйымдастырып отыр. «Сатушылар мен сатып алушылар кездесуінде» сондай-ақ,  «Қазақстандық бизнестің экспорттық потенциалы» көрмесінің таныстырылымы да жасалды. Оған  тамақ өндірісі мен  ауылшаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары, машина жасау, тігін,  фармацевтика саласының 140-тан астам өкілдері және АҚШ, Венгрия, Иран, Канада, Корея, Норвегия сияқты 14 елдің  дипломатиялық өкілдіктерінің уәкілдері қатысуда.

         «Қазақстан мен Түркия бизнесмендерінің КАТИАД қоғамы 160 компанияны біріктіреді. Олардың көбі қазірдің өзінде осында өндіріске инвестиция салып, құрылыс химиясы, бояу өнімдерін, изоляциялау  материалдарын,  кабельді-өткізгіштік, пластикалық және ет, күнбағыс майы, шай, макорон, кондитер мен дәрі-дірмек өнімдерін өндіруде», дейді КАТИАД Қазақстан-Түркия іскер адамдар қоғамының бас хатшысы Озер Орал. Оның айтуынша, қазір енді ынтымақтастықты құрылыс материалдарын өндіру, тігін өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы  салаларында да дамыту  жоспарлануда. Жалпы  Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің келуіне барлық жағдай жасалған. Ел басшылығы да аталмыш салаларға инвестиция салып, жергілікті өндіріске үлес қосқысы келген кәсіпкерлерге есік ашық екенін жоғары деңгейде айтып жүр. Қазақстанға ұзақ мерзімді жобалармен келген кәсіпкерлер өндіріске инвестияцияның  қажетілігін айқын сезінуде.