Алматыда сауда орталығына «бомба қойылды»
11:43, 04 Шілде 2022
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сауда ойын-сауық орталықтарының біріне бомба қойылғаны туралы хабар жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бүгін 10:04 шамасында 102 пультіне сауда ойын-сауық орталығына бомба қойылғаны туралы қоңырау түскен.
«Сауда ойын-сауық орталығының әкімшілігі, күзет қызметі және құқық қорғау органдары жалға алушылар мен келушілерді эвакуациялау үшін, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының іс-шараларды одан әрі жүзеге асыруы үшін тиісті сценарий әзірледі. Қысқа мерзімде қабылданған іс-шаралар нәтижесінде хабарламаның жалған екендігі анықталды», - деп хабарлады ведомстводан.
Алматы полициясы тұрғындарды жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.
Бұған дейін «MOSKVA metropolitan» сауда ойын-сауық орталығының келушілері эвакуацияланғанын жазған болтынбыз.