Бұрын-соңды өткізілмеген сайысқа Қазақстанның әр аумағынан 14 ІТ маманы қатысуда. Олар ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған 12 тақырып бойынша сайт жасаудан сынға түседі.
Чемпионатты қолдаған Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша сайыстың басты мақсаты - тек үздік сайт жасаушыны анықтау ғана емес. «Басты мақсаттың бірі - Төтенше жағдайлар кезінде ақпарат беретін және Үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік мақсаттағы сайттарды жасап беру»,- деді ол.
Чемпионат қорытындысы бойынша «Төтенше жағдай кезінде іздеу жүйесі», «Төтенше жағдай кезінде қызмет көрсетушілер ресурсы» сайттары жасалып, «Құқықтық бастама қоғамдық қоры», «Қызыл жарты ай қоғамның Ақтөбе облыстық филиалы», «Әуезов ауданының мүгедектер қоғамы» жеке сайтқа ие болады. Жасалған сайттар қызықты, тартымды, ыңғайлы болуы тиіс. Бұл бойынша Қазақстанның бірінші сайт жасаушы чемпионы анықталады.
Чемпионаттың бас демеушісі - «Beeline» байланыс операторы өкілдерінің айтуынша, чемпионға бағалы сыйлықпен қатар болашақта сайт жасау жобаларына қатысу ұсынылады. Чемпионат 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Айта кетейік, чемпионатқа қатысушылардың жұмыстарымен www.emer-almaty.kz сайтында танысып, баға беруга болады.