«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевтың айтуынша, біздің ұлттық күресіміздің танымалдығы жылдан-жылға артуда. Биылғы турнир еліміздің ең үлкен қаласында, 12 мың адам сыятын үздік заманауи аренада өтеді. Бұл доданы қазақстандық телеарналардан бөлек, ресейлік, түркиялық телеарналар да тікелей эфирде көрсетеді.
Дода барысында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен шоу өтеді. Турнирге Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан елдерінен 8 ұлттық құрама қатысады. Әр команда төреші, бапкер және 55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келі және 100 келіден жоғары салмақ санаттарында сынға түсетін сегіз балуаннан құралған.
Жалпы жүлде қоры 20 миллион теңге. Бірінші орын алған командаға 10 миллион, екіншіге - алты миллион, үшіншіге - төрт миллион теңге беріледі.