Алматыда «Сенің дауысың - сенің болашағың» атты постерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Орталық коммуникация қызметінің филиалында «Сенің дауысың - сенің болашағың» атты республикалық постерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бұл байқаудың мақсаты - қабілетті жандарды 20 наурызда болатын ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына ел азаматтарын келуге үндеуге арналған постерлер жасауға тарту болды.  

Байқауға барлығы 309 адам қатысты. Авторлардың көбісі - 29 жасқа дейінгі жастар. Мамандықтары бойынша негізінен студенттер, дизайнерлер суретшілер, өрт сөндірушілер және кншілер. Байқау жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінен келіп түсті. Солардың ішінде Павлодар, Ақмола, Жамбыл облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан келіп түскен жұмыстар көп болды.    

Дауыс беру қорытындысы бойынша байқаудың гран-при жүлдесін Астана қаласының тұрғыны Айдос Анаев жеңіп алды. Ақтаулық Мұрат Наурызбай бірінші орынға ие болды. Ал Тараз мемлекеттік университетінің студенті Нұрсейіт Қарабаев пен Алматы тұрғыны Сағидолла Ақтанов екінші орынды бөлісті. Үшінші орын Алматылық Лауль Чукабаевқа бұйырды.   

«Көрермендер көзайымы жүлдесі» аталымы бойынша Павлодар қаласының тұрғындары Қасен Үмітжан мен Дейна Анастасия жеңімпаз атанды.

«Бұл байқау - жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға тамаша мүмкіндік берді. Әр түрлі мазмұнда өте көп жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасының мүшелеріне әсіресе авторлардың ешқандай стандарттарға сүйенбей өз беттерімен салған авторлық жұмыстары ұнады», - деді ҚР суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков. 

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал 50 ең үздік жұмыс Алматыдағы «Байқоңыр» метро бекетіне көрме ретінде қойылатын болады.