Алматыда Сейфуллин даңғылының бір бөлігі бірнеше күнге жабылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының Сейфуллин даңғылында орташа жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма мәліметінше, Алматы-1 теміржол вокзалынан Жұмабаев көшесіне дейінгі бөлігінде полимерлі асфальтбетон жабынын төсеу аяқталып, көлік қозғалысы ашылды.

Енді Жұмабаев көшесінен Ақан Сері көшесіне дейін полимерлі асфальтбетон жабынын төсеу жүргізіледі.

«Аталған учаскеде 8 тамыз түнгі сағат 23.00-ден 10 тамыз таңғы сағат 07.00-ге дейін полимерлі асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша толық шектеледі», - деп хабарлады Алматы қалалық мобильділік басқармасынан.

Жүргізушілер Ақан Сері, Жансүгіров көшелері арқылы айналып өте алады.

«Сейфуллин даңғылын қиып өтетін Жұмабаев, Айбасов, Дулатов, Котельников, Ақан Сері көшелерінде қозғалыс ашық болады»,- делінген хабарландыруда.