Алматыда Ш. Сәтбаеваның 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда әдебиетші, профессор, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның 80 жылдығына арналған еске алу кеші және "Сөнбес сәуле" деп аталатын мұрағаттық көрме өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Мұрағаттағы Шәмшиябану Сәтбаева қорын 2002 жылы жары Оразай Батырбекұлы өз қолымен табыс еткен болатын. Ондағы құжаттар өзінің мағынасына, мазмұнына, құндылығына қарай өте үлкен бай қор саналады. Оған қысқаша тоқталып өтетін болсақ 1954 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің аспиратурасында оқып жүрген кезде қорғаған алғашқы ғылыми еңбегі кандидаттық диссертациясынан бастап, кейінгі кезде жазған қазақ әдебиетінің тарихынан оның шетел әдебиеттерімен байланысы туралы жазған ғылыми еңбектері. Түрлі деңгейдегі конференциялар мен мәжілістерде жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, естеліктері мен өзге авторлардың еңбектеріне жазған пікірлері және тағы басқа да құнды мұралары топтастырылған", дейді ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының бөлім бастығы Гүлмира Ауғанбаева. Жеке тұлғалардың архивтері мен тарихи құжаттық топтамалармен жұмыс жөніндегі бөлім жетекшісінің айтуынша, Ш. Сәтбаева қоры жалпы жұртшылық үшін ашық. Ондағы құжаттармен кез-келген адам танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізе алады.

2002 жылы қаңтар айында Алматыда дүниеден өткен Шәмшиябану Қанышқызының туғанына шілденің 25-і күні 80 жыл болады. Өз ғұмырында 4 ғылым докторы мен 18 ғылым кандидатының жұмысына жетекші болған әдебиетші ғалым туралы енді күзде республикалық ғылыми конференция өтпек. Оны 50 жыл бойы қызмет жасаған Әдебиет және өнер инстиуты ұйымдастырғалы отыр.