Алматыда шағын футболдан дәстүрлі республикалық Сейдахмет Бердіқұл турнирі өтеді

АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда 7-9 мамыр күндері шағын футболдан бұқаралық ақпарат құралдары арасында белгілі публицист, спорт журналисі, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлды еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтеді.

Жарысқа өтініштер қабылдау 15 сәуір мен 7 мамыр аралығында жүргізіледі.  Бұл шараға ұйытқы болған ҚР Спорт істері және дене шынықтыру мәдениеті агенттігі. Көрнекті спорт журналисін мәңгі есте қалдыру мақсатында  олар С. Бердіқұлов атында  1994 жылдан бастап  арнайы жүлде тағайындалып, 2008 жылдан футбол турнирін, ал былтырдан бері  спартакиада  ұйымдастырып келе жатыр.

Футбол турнирінде бұған дейін «Қазақ энциклопедиясы» (2008 жылы),  «Айқын» газеті (2009 жылы), «Қазақстан» телеарнасы (2010 жыл) жеңімпаз атанған болатын. Ал 2011 жылы 5-10 қыркүек күндері Шымкентте 5 спорт түрі бойынша өткен спартакиадада Алматы қаласының журналистері  жалпы командалық есепте үздік шығып, темір тұлпар мініп қайтқан еді.