Алматыда «Шахмат планетасы» ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Шахмат планетасы» ашылды. Балаларға арналған лагерге Қазақстанның әр бұрышынан шахматқа деген қызығушылығы бар 12-14 жас аралығындағы 50 бала жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Балалардың көбі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан.  Олардың әр қайсысы шахматқа деген үлкен қызығушылықпен келіп отыр. Тіпті кейбірі жергілікті шахмат жарыстарының жүлдегерлері, шахматтан 1-3 спорттық разрядтары бар балалар», - деді жобаның үйлестірушісі  Ильзира Алдагарова.

Лагерь Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы бөлімшесінде өтеді.

«Осы лагерьді академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының мұрындық болуымен Қазақстан шахмат федерациясы мен Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырып отыр.  Балалар демалып,  сондай-ақ шахмат ойнап өздерінің логикалық және зияткерлік қабілеттерін дамытады. Осы жылы балалар жақсы демалып қана қоймай, сонымен қатар көптеген жақсы әсерлерге ие болып,  үлкен тәжірибе алады деп үміттенеміз», - деді  Қазақстан шахмат федерациясы атқарушы директорының орынбасары Гүлмира Дәулетова.

Түске дейін балалармен шахмат теориясы бойынша сабақтар, спаррингтер өткізіледі. Гроссмейстрлер Рустам Хуснутдинов пен Антон Филиповтың шеберлік сыныптары да өтетін болады. Түстен кейін лагерьде ракета жасау, робототехника, қыш шеберлігі, актерлік шеберлік және т.б. бағыттардағы сабақтар жоспарланған.

Айта кету керек, былтыр осындай лагерь Астана қаласында  ұйымдастырылған болатын.