Алматыда шахматтан Еуразия кубогы басталады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда блиц шахматтан Қазақстан Республикасы Президентінің Еуразия Кубогы халықаралық турнирі өтіп жатыр. Жарыс қала әкімі Бауыржан Байбектің алғысөзімен басталды.

Бұдан кейін  Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Кирсан Илюмжинов сөз сөйледі.

Оған Еуразия құрлығының 30-дан астам елінен жүзден артық шахматшылар қатысуда. Негізгі сыны маусымның 18-19 күндері өтетін Кубокқа шахматтың әлем жұлдыздары да қатысыда. Қазақстанға алғаш рет әлемнің әйелдер арасындағы бүгінгі күннің чемпионы Хоу Ифань (Қытай) келеді.  Кубоктың құрметті қонақтарының арасында әлемнің бірнеше мәрте чемпионы Алексей Карпов та бар.         

Турнир қатысушыларының қатарында Ян Непомнящий (Еуропа чемпионы), Александр Грищук (әлемнің блиц шахматтан үш дүркін чемпионы) және Петр Свидлер (әлем Кубогының иегері, барлығы да ресейлік), Ван Хао (Қытай чемпионы), Борис Гельфанд (әлем Кубогының иегері, Израиль), Ле Куанг Льем (блицтен әлем чемпоны, Вьетнам) және Шахрияр Мамедьяров (Еуропаның екі мәрте чемпионы, шапшаң шахматтан әлем чемпиона, Әзербайджан) секілді атаулы есімдер бар.

Кубокты ұйымдастырушылары -Қазақстан шахмат федерациясы және Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры.  Кубок Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ), Қазақстанның спорт және мәдениет министірлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.