Алматыда шахматтан əлем чемпионаты аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда шахматтан əлем чемпионаты мəресіне жетті. Бір апта бойы Алатау бөктерін дүбірге бөлеген шахмат додасын Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Қазақстан шахмат федерациясы ұймдастырды. Əлем чемпионатына 46 мемлекеттен 178 ер мен 98 əйел қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Дүниежүзінің ең таңдаулы гроссмейстерлері жиналған əлемдік доданың барлық чемпиондары анықталды.

Еліміздің үміті Бибісара Асаубаева орасан зор нəтиже көрсетіп, блицтен əлем чемпионы атанды.

Ол былтыр Польша елінде де блицтен əлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Осылайша Бибісара шахматтан екі дүркін əлем чемпионы болды.

Жылдам шахматтан яғни рапидтен Динара Сəдуақасова күміс медаль олжалады.

Рапид бойынша норвегиялық Магнус Карлсен 13 турда 10 ұпай жинап əлем чемпионы атағын қорғады.

Күміс медаль 18 жастағы неміс шахматшысы Винсент Кеймердің қанжығасында кетті.

Қола медальді американдық Фабиано Каруана олжалады. Рапидтен қыздар арасында қытайлық Тань Чжунъи иеленді.

Күміс біздің шахматшымыз Динара Сəдуақасоваға, қола медаль үндістандық Шри Савитаға бұйырды.

Ерлер арасындағы блиц турнирде Магнус Карлсен əлем чемпионы атанса, күміс медаль америкалық Хикару Накамураға, қола жүлле армян Хаик Мартиросянға бұйырды.

Магнус үлкен еңбекпен жеткен əлем чемпионы атағын қорғау үшін тынымсыз дайындық жүргізгенін айтты.

Ол тіпті Шымбұлақта шаңғы да теуіп, Алатаудың ауасы мен əлем чемпионатының аурасы ерекше əсер мен шабыт бергенін атап өтті.

Қыздар арасында блицтен күміс медаль үндістандық Хампи Конеруге, қола жүлле Полина Шуваловаға (FIDE) бұйырды.

Баспасөз мəслихатында Бибісара Асаубаева елімізде өткен əлем чемпионатының жауапкершілігі өте жоғары болғанын жеткізді.

Бибісара өзінің жеңісі келешекте еліміздің шахмат спорты өркендеуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.

Фото: Мәдениет және спорт министрлігі