Алматыда « Шәмші Қалдаяқовтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтеді

АЛМАТЫ. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда тамыздың 14-і күні «Шәмші Қалдаяқовтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Ш. Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясына сілтеме жасап.

Ол ҚР Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында болады. Бұл шара әйгілі қазақ сазгері,  әнұран авторларының бірі, ҚР халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырылып отыр.   Мәслихатқа ҚР ҰҒА академигі Ө. Айтбаев,жазушы  Ғ. Қабышұлы,сатирик К. Әмірбек, режиссер Т. Ахметов,    ҚР халық әртістері әнші Н. Нүсіпжанов пен   сазгер  М. Маңғытаев және         ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ж. Ысқақова мен  өзге де жұртшылық өкілдері  қатысады деп жоспарланып отыр. Дөңгелек үстел аясында сондай-ақ, «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» деген кітап көрмесі өтеді. Көрмеде сазгер шығармашылығын арқау еткен  мақалалар, сұхбаттар, естеліктер, газет-журналдар мен кітаптар қойылмақ.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы тамыздың 15-і күні  қазіргі Оңтүстік Қазақстан  облысының Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылында дүниеге келген болатын. «Қазақ вальсінің королі» аталған әйгілі сазгер 1992 жылы ақпаның 29-ы күні Алматыда көз жұмды.  Ақын Мұқағали Мақатаев Шәмшіге арнаған өлеңінде - «Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма. Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма. Махаббатқа арнап бір ән шығарсын, Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда? Шәмшіге айт, Тағы да бір таңдандырсын, Жындандырсын жүректі, жандандырсын! Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер, Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын», - деп жазған болатын.