Алматыда «Шәмшісіз өткен 30 жыл» атты еске алу кеші өтті
Кештің мақсаты – Ш.Қалдаяқовтың музыкалық шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның шығармалары арқылы жастардың сұлулыққа деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, өнерді тануға баулу.
Іс- шараға белгілі әртістер, мәдениет және өнер қайраткерлері, композитордың туыстары, кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кеш барысында жиналғандар саналы ғұмырын саз әлеміне арнаған композитор туралы естеліктер айтып, Шәмші өнерінің маңызына тоқталды.
Сонымен қатар «Ән аға», «Ақмаңдайлым», «Жақсыгүл», «Бақыттымын құрбылар», «Әнім сен едің» сияқты танымал әндер шырқалды.
Сондай-ақ «Шәмші» деректі фильмінен үзінді көрсетіліп, «Менің Қазақстаным» Әнұраны орындалды.
Еске алу кеші аясында қазақ халқының музыкалық мұрасында өшпес із қалдырған көрнекті композиторға арналған кітап және безендірілген көрме ұйымдастырылды, оның өмірі мен шығармашылығының тарихын қамтитын шығармалары мен әдебиеті ұсынылды.
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы, 15 тамыз күні Отырар ауданының Шәуілдір ауылында туған.
Композитор. Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы.
Танымал әндер жазудағы табысы үшін 1965 жылы Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ал 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.
Қазақ музыкасының алтын қорында Шәмшінің 100-ге жуық әні бар.