Оған 14 елдің, атап айтқанда Қазақстан, Австрия, Германия, Норвегия, Жапония, Франция, Италия, Чехия, Швейцария, АҚШ, Словения, Эстония, Польша, Ресей елінің шаңғышылары қатысады.
Атышулы спортшылардың арасында - Олимпиада чемпионы (Ванкувер қаласы, 2010 ж.), 2010-2011 маусымы Әлем Кубогiнiң ортақ сынағының жеңімпазы, француз қоссайыскерi Джейсон Лами-Шаппьюи, жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы, 2011-2012 маусымы Әлем Кубогi кезеңдерiнiң норвегиялық жеңiмпазы - Магнус Крог, Әлем Чемпионатының (2007 жыл) күмiс жүлдегерi, Олимпиада ойындарының (Ванкувер қаласы, 2010 ж.) қола жүлдегері, немiс қоссайыскерi Тино Эдельманн, командалық жарыс бойынша Олимпиада жеңiмпазы Марио Штехер бар.
Соңғы жылдары шаңғы қоссайысының дәстүрлi бағдарламасы біршама өзгерiстерге ұшырады. Сондықтан бұл додада спортшылар екi жеке дисциплина бойынша: кәдiмгi немесе үлкен трамплиннен секiру (1 талпыныс) және еркiн стильмен 10 км қашықтыққа шаңғы жарысы бойынша сайысқа түседі. Шаңғышылардың жеке жарыстардағы нәтижелерi ұпаймен айқындалып, жалпы нәтижесі бойынша жеңiмпаздары анықталатын болады.
Шаңғы қоссайыcы бойынша Әлем кубогi - шаңғы спортының Халықаралық федерациясы (FIS) өткізетін жыл сайынғы жарысы болып табылады. Әлем Кубогi 1983-1984 жылдан бастап ресми түрде өткізіліп келеді.