08:37, 07 Сәуір 2009
Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінің штабтық келіссөздері өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінің штабтық келіссөздерінің алғашқы кезеңі өтеді.
Бұл келіссөздерге Қазақстан, Қытай, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларының әскери сарапшылары қатысады деп күтілуде. Шараның күнтәртібінде «Бейбіт миссия - 2010» террорға қарсы жаттығу ойындарының дайындығы және ұйымдастырылуы мәселелері қарастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Террорға қарсы сипаттағы аталмыш командалық-штабтық жаттығулардың өткізілуі 2010 жылғы қыркүйек айына жоспарланған. Кешенді жаттығулардың Қазақстан аумағында өткізу туралы шешімге ШЫҰ мемлекеттері 2007 жылы Бішкек қаласында өткен кезекті кездесу барысында қол жеткізген болатын. Бұл шешім 2008 жылғы мамырда ШЫҰ Қорғаныс министрлерлері кеңесінің қорытындысы бойынша бірлескен коммюникесімен бекітілген еді.
Келіссөздердің алғашқы күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Уәли Еламановтың баяндамасы тыңдалады деп жоспарланған.Алматыдағы келіссөздер барысында әскери сарапшылар қазақстан жағы әзірлеген жаттығуларды жоспарлауға және өткізуге қатысты құжаттар топтамасымен танысады. Бұл ретте шараға қатысатын жеке құрам, тартылатын әскери техниканың саны, жаттығулардың шартты мазмұны және уақыты мен тәртібі тәрізді маңызды мәселелерді талқылайды.Жаттығуларға қатысты басшылыққа алынған құжаттармен танысу екі күнге созылады. Қорытындысы бойынша кейін атқарылар жұмысты үйлестіретін протоколға қол қойылады. Әскери сарапшылардың штабтық келіссөздерінің келесі кезеңі үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өтеді деп жоспарланған.