Алматыда Шекара қызметі академиясы өзінің 84 жылдығын атап өтті
Оқушылар сарайында өткен шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының басшылығы, ардагерлері мен офицерлері, келісімшартты әскери қызметшілері және курсанттары қатысты.
Ең алдымен сахнаға академияның жауынгерлік туы шығарылып, әнұран орындалды. Бұдан кейін сөз алған Шекара қызметі академиясының бастығы, полковник Павел Поливанов академия ұжымын бүгінгі атаулы күнмен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары кәсіби біліктілік танытып, қашанда биіктен көрінетіндеріне сенімділік білдірді.
«Шекара академиясы құрылғалы бері ондаған мың маманды даярлап шығарды. Академия түлектері арасынан 45 адам Кеңес Одағының батыры атанды. Солардың бірі бұл атаққа екі рет ие болды. Сондай-ақ, академия түлектерінен 345 генерал шықты. Осылайша, біздің академия ұжымы ұрпақ сабақтастығын сақтай отырып, патриоттық рухтың, қажырлы еңбекқорлықтың арқасында жоғары білікті офицерлік кадрларды даярлаудың қайнар көзіне айналды. Біздің түлектер, өзінің әскери мансабын шекара заставасы бастығының орынбасары қызметінен бастап, академияның жауынгерлік дәстүрін жалғастырып келеді. Академия ұжымы тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, жауынгерлік қабілетті шыңдай отырып, Жоғары бас қолбасшының бұйрығын қашанда лайықты орындайтындарыңызға сенімдімін. Алда академияның 85 жылдығы келе жатыр. Оны үлкен жетістіктермен қарсы алайық. Сіздерге нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеп өсіруде зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін», - деді полковник П. Поливанов.
Өз кезегінде Шекара академиясын 1993-1997 жылдары басқарған, бүгінде әскери ғылым академиясының вице-президенті, социология және әскери ғылымдарының докторы, профессор, запастағы генерал-майор Нұрғали Асылов академия ұжымын құттықтай отырып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
«Мен Шекара академиясының жауынгерлік туында қазақстандық орденнің де болғанын қалаймын. Өйткені, Шекара академиясы өзінің жауынгерлік туында ордендері бар еліміздегі жалғыз әскери жоғары оқу орны. Бұдан басқа, академия түлектері үшін әскери мундирге де азаматтық киімге де таға беруге болатын кішкентай арнайы төсбелгі әзірленсе екен деген тілегім бар. Бұл төсбелгі, оны таққан адамның Шекара академиясында оқығандығын білдіріп тұрар еді», - деді Н. Асылов.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында бірқатар офицерлер мен курсанттарға жауынгерлік даярлықтарын нығайтып, адал қызмет атқарғандары үшін әскери бөлім командирінің бұйрығымен мақтау қағаздарымен марапатталып, оларға алғыс жарияланды.
Айта кетелік, аталмыш әскери жоғарғы оқу орны 1931 жылы 26-шы желтоқсанда Харьков қаласында құрылған. Ұлы Отан соғысы барысында майдан үшін мамандандырылған офицерлік кадрларды даярлау мақсатында бұл әскери жоғары оқу орны кеңес армиясының жауынгерлік қатарынан шығарылып, 1944 жылдың басында Ташкент қаласына көшіріледі. Көп ұзамай, сол 1944 жылдың тамыз айында Алматы қаласына орналастырылды. Содан бері, Шекара академиясы мемлекеттік шекараны қорғауға мамандандырылған кәсіби кадрлар даярлайды.