Алматыда шығып кеткен мәслихат депутаттарының орнына кімдер сайланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шығып кеткен мәслихат депутаттарының орнына депутаттар сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3 учаскеде де «Нұр Отан» партиясының мүшелері басым дауыс жинады.

Айта кету керек, осының алдында сайланған мәслихат депутаттарының корпусынан 3 депутат белгілі бір себептермен орнын босатқан болатын. Қалалық Сайлау комитеті осы үш депутаттың орнына 3 округ бойынша сайлау өткізді.

Қалалық сайлау комитеті хабарлағандай, қалада 55 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлығы 85 045 сайлаушы бар, оның ішінде 23 000-ы мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты.

Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың келу көрсеткіші 27,1 % болды, № 6 округі бойынша - 28,6 %, № 16 округі бойынша - 25,6 %, № 21 округі бойынша - 27,2 %.

3 сайлау учаскесінде 9 үміткер бақ сынады. Әр сайлау учаскесінде 1 «Нұр Отан» мүшесі мен 2 адам өзін өзі ұсынды.

№ 6 округі бойынша өзін өзі ұсынған үміткер Лиходед Любовь Владимировна 10,1 % дауыс, өзін өзі ұсынған үміткер Рыбкин Игорь Сергеевич - 11,4 %; «Нұр Отан» мүшесі Төлегенова Жанна Викторовна - 78,5 % дауыс жинады. Осылайша бұл округтен Төлегенова Жанна Викторовна сайланды.

№ 16 округі бойынша «Нұр Отан» мүшесі  Банщикова Вячеслав Юрьевичке  сайлаушылардың 75,5 %-ы, өзін өзі ұсынған үміткер Ким Денис Вилорьевичке - 11,8 %; өзін өзі ұсынған үміткер Скоропадская Галина Александровнаға - 12,7 %-ы дауыс берді. Осылайша бұл округтен Банщиков Вячеслав Юрьевич мәслихат депутаты болып сайланды.

№ 21 өзін өзі ұсынған үміткер Полканов Константин Викторович сайлаушылардың 8,9 % дауысын жинады. Өзін өзі ұсынған үміткер Утепова Екатерина Руслановна - 6,4 %, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Шыныбеков Дамир Абдухалиевич- 84,7 % дауыс жинады. Осылайша Шыныбеков Дамир Абдухалиевич мәслихат депутаттығына сайланды.

«Осыған сәйкес, барлық кандидат 5 пайыздан жоғары дауыс жинап, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 104 бабының 1 тармағына сәйкес, 122 295 тенге сомасындағы өткізген, сайлау жарнасын қайтарып алуға құқылы»- деді сайлау комитетінен.

Барлық сайланған депутаттар жоғары білімді, басшы лауазымдарда қызмет етеді.