Алматыда Шығыс айналма жолының уақытша жүру бөлігінде көлік қозғалысы ашылды

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда жаңадан салынып жатқан Шығыс айналма жолының уақытша жүру бөлігі ашылды. Жаңа жолмен алғашқылардың бірі болып қала әкімі Ахметжан Есімов өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қаланың орталық бөлігінде көлік кептелегін азайту және оңтүстік-солтүстік, шығыс-батыс бағыттарда кедергісіз жүру мақсатында Шығыс айналма жолын салу қолға алынған еді. Алматының бас жоспары мен «2003-2010 жылдар аралығында Алматы қаласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатқан жоба 2007 жылдың сәуір айында басталған болатын. Жалпы ұзындығы 7,8 шақырымдық жол әл-Фараби -Достық даңғылдарымен, Халиуллин көшесі, Кіші Алматы өзені, Луганский, Горный көшелері, Жарбұлақ өзенін басып өтіп Құлжа жолына дейін жетеді. Қазіргі кезде жолдың 5,6 шақырымы салынып болған. Қалған бөлігінде уақытша жүру жолы іске қосылады.

Бүгінгі шара барысында қала әкімі Ахметжан Есімов жолдың келер жылы толық аяқталатынын жеткізді. «Бүгін жолдың уақытша жүру бөлігін ашып тұрмыз. Келер жылы толық аяқталған соң бұл жол арқылы Алматыға кірмей-ақ Талғар қаласы мен Құлжа автодаңғылына кедергісіз жете аламыз. Бұл бір шетінен қаланың көлік кептелегін азайтса, екінші жағынан экологияға оң әсер етеді »,- деді А.Есімов.