АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қолында смартфон ұстап, автобус рөлін шынтағымен басқарған жауапқа тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов Facebook-ке жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Куәгерлер видеоны 16 ақпан күні түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Видео астына желі қолданушылары Рустам Абдрахмановты белгілеген болатын.
Осыған орай, Алматы қалалық полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне тексеру жүргізу тапсырылған еді.
«Құқықбұзушы анықталды. Ол 1987 жылы туған У. есімді азамат болып шықты. Ол ӘҚБт ҚРК-нің 591-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. 3 наурызда жүргізушіге хаттама толтырылды», - деп жазды Рустам Абдрахманов.
Ол сондай-ақ жол бойында мұндай әрекетке жол берілмейтінін еске салды.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.