Алматыда шытырман оқиғалы IV "KAZAKHSTAN AdventureRaсe 2011" жарысы өтеді

АЛМАТЫ. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 1-2 қазан күндері "KAZAKHSTAN AdventureRaсe 2011" жарысы ұйымдастырылады.

Биыл төртінші рет өткелі отырған бұл шараны LUMEN.KZ және Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару отрядының қолдауымен "Экстремальды атлетика" қоғамдық бірлестігі мен "MT Sport Presentation" ЖШС ұйымдастырып отыр. Жарыстың базалық лагері Үлкен Алматы шатқалындағы Аю сай тоғайында орналаспақ.

Орталық Азия аймағындағы баламасы жоқ бұл жарыс жылына 1 рет ұйымдастырылады. Оған биыл Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден 49 команда (98 адам) қатысқалы отыр. Олар дайындық деңгейіне қарай: Extreme, Classic, Fitness деген 3 топқа жіктелмек. Мәселен "Fitness" жіктеліміндегілер - 6, ал өзгелері 24 сағат бойы велосипедпен (МТВ) және жүгіру мен жай жүрістен сайысқа түспек. Олар ожартасқа өрмелеу, тау өзенінен өту мен сарқырамадан жылдам түсу сияқты түрлі сындардан өтетін болады.