Алматыда «Синхрон және диахрон жағдайындағы тіл қызметі» халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Синхрон және диахрон жағдайындағы тіл қызметі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш конференция филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰУ-дегі орыс филологиясы кафедрасының құрметті меңгерушісі Надежда Гайнуллинаның 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Екі күнге созылатын шараға еліміздің өңірлерінен, Бішкектен, Афины қаласындағы ұлттық университеттен және Санк-Петербор, Мәскеу, Кемерово, Новгород, Тамбов, Орск секілді қалалардан келген оқытушылар мен профессорлар қатысуда. Мәслихат аясында қазіргі орыс тілі білімінің өзекті мәселелері, Қазақстан мен Ресей ғалымдарының орыс тілін зерттеудегі когнитивтік, дискурстық-прагматикалық және диахроникалық қырлары жайындағы баяндамалары тыңдалмақ. Айта кетелік, Надежда Гайнуллина ? Қазақстандағы жетекші орыстанушы мамандардың бірі. Оның орыс тілі мәселесіне арналған еңбектері шет тілдеріне аударылып, өзге мемлекеттерге де таралған. Н. Гайнуллинаның І Петрдің эпистолярлық мұрасына жасаған зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалып отыр.