«Алматыда «Жүргінші» жедел-алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Осы шараға қатысты алынып жатқан статистикалық мәліметтер жаяу жүргіншілер тәртіптерінің әлі де төмен екендігін, жол қозғалысы ережесін сақтай бермейтіндіктерін көрсетті. Соңғы екі күннің ішінде 319 жаяу жүргіншіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
«Қазіргі таңда Алматы жолдарында ахуал күрделі күйінде қалуда. Оған қоса, тәртіпсіз жүргіншілердің кесірінен апатты жағдайлар көп туындайды. Алматыда күн сайын ондаған жүргінші жол қозғалысы ережесін сақтамау салдарынан дене жарақатын алады. Сөйтіп, өз өмірлеріне қауіп төндіреді», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Бәйкенов.
Айта кетелік, Алматыда «Жүргінші» жедел-алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Ондағы басты мақсат - жүргіншілер тарапынан болатын жол қозғалысы ережесінің бұзылу фактілерін анықтау және жүргіншілерге жол қозғалысы ережесін сақтау керектігін жан-жақты түсіндіру.