Алматыда сот медиациясы туралы дөңгелек үстел жиыны болады
Аталмыш басқосуды «Қайнар» университетінің қолдауымен Халықаралық құқық қорғау орталығы ұйымдастырып отыр.
Қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігі тарапынан әзірленген «болмашы мәселелер бойынша дауларды» сотқа талап арыз берердің алдында міндетті түрде медиаторларға жүгіну қарастырылатын заң жобасы талқылану үстінде. Сондықтан бұл алқалы жиынның басты мақсаты - ілкі жобаның нәтижесін талқылау және медицияға байланысты заң жобасына ұсыныстарды жинақтау мен талқылау.
Жалпы «Сот медиациясы» жобасы бойынша биыл Алматы қаласының Әуезов ауданындағы соттарда дау-дамайлар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу тәсілі ұсынылды, оқу орындарында медиатор бөлмесі ашылып, оларда кәсіби медиаторлар жұмыс жасай бастады. Оған ұйытқы болып жүрген ХҚҚО 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 ұлттық-мәдени орталығының қолдауымен, халыққа ақысыз заңгерлік көмек көрсету мақсатында құрылған болатын. Қазір онда Медиация орталығы және Медиаторларды даярлау мектебі жұмыс жасайды. Орталықтағы 63 медиаторы бүгініг таңда Астана, Алматы, Ақтау, Жанаөзен, Атырау, Шымкент, Зырян, Қостанай, Арқалық, Өскемен қалаларында медиация рәсімін жүргізіп жүр.