Алматыда сот жүріп жатқандықтан 250 жаңа автобус жолға шыға алмай тұр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімімен кездесуге келген Әуезов ауданының тұрғындары қоғамдық көліктердің сирек жүретініне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге келген тұрғындардың бірі қалада қоғамдық көліктің сирек жүретініне, уақтылы келмейтініне шағымданды.

Айтуынша, Яссауи көшесімен жүретін №126 бағыттағы автобус таңғы сағат 6:00 емес, 7:00-де жүреді.

Соның салдарынан ересектер жұмысқа, оқушылар сабағына кешігіп барады.

Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысы Ғани Мырзахановтың сөзінше, «АвтоТрансГаз» компаниясы өз жұмысына немқұрайлы қарағандықтан басқарма автобустарды жаңа тасымалдаушы мердігерге беруді жоспарлап отыр.

Алайда, сот процесі жүріп жатқандықтан әкімдік әзірге ештеңе істей алмайды.

«Бізде жаңа тасымалдаушы бар, ол бізге газбен жүретін 250 автобус ұсынып отыр. Олар жолға шыққан жоқ, қаңтарылып тұр. Өйткені, бізде маршруттар бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бұрынғы компания сотқа берді. Олар әкімдіктен ескі маршруттарды қайтаруды талап етуде. Сот ісі аяқталған соң автобустар шығады», - деп жауап берді Ерболат Досаев.