Алматыда спидвейден әлем чемпионаты басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында мұз үстіндегі мотожарыс - спидвейден әлем чемпионатының кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оған Қазақстан, Австрия, Германия, Нидерланды, Ресей, Чехия және Швециядан сайыскерлер келді. Алғашқы күні 20 іріктеу сайысы, екі жартылай финал және бір финал өткізілді. Әрбір сайыста мотошабандоз жарыс жолына шықты. Олардың арасында бірінші келгенге - үш, екіншісі - екі, үшіншісі - бір ұпайдан жазылды.


Алғашқы күні финалда ресейлік Даниил Иванов әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Онымен бірге әлем чемпионатында бірнеше дүркін жүлдегерлер қатарында көрінген ресейлік Дмитрий Хомицевич пен Игорь Кононов, австриялық Харальд Саймон да сайысқа түскен еді. Дмитрий Хомицевич пен Харальд Саймон үздік үштіктен көрінді.


Қазақстандық Владимир Чеблоков, Сергей Серов және Павел Некрасов әлемнің үздік мотошабандоздарымен жоғары деңгейде сайысқа түсті. Дегенмен олар жартылай финалға шыға алған жоқ. Чемпионат Халықаралық мотоцикл федерациясының қолдауымен өткізілуде.

Жарыс 2 ақпанға дейін созылады.