Алматыда спорттың екі түрінен ҚР чемпионаттары өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында садақ атудан және жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан чемпионаттары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 28 наурыз – 2 сәуір аралығында жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылады.

«Эйс» теннис орталығында өтетін додаға еліміз өңірлерінен 100-ге жуық спортшы қатысады.

Жекелей сында негізгі додаға қыздар мен ұлдар арасында 24 ойыншыдан бірден өтеді.

Іріктеу сайысынан өткендер төрт жолдамаға ие болады. Оған қоса ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту (wild card) алғандар бақ сынайды.

Жұптық сында негізгі жарысқа 13 жұп бірден өтсе, тағы үш дуэт арнайы шақыртумен қатысады.

Сондай-ақ 24-31 наурыз күндері садақ атудан Қазақстан чемпионаты өтеді.

Ел біріншілігінде ересектермен қатар, жастар да бақ сынайды. «Меркурий Медет» спорт базасында өтетін дүбірлі додаға 200-ге жуық спортшы қатысуға тіркелген.