Алматыда сталинизм туралы халықаралық конференция өтеді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ақпанның 24-і күні "Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан" деп аталатын халықаралық конференция өтеді.

Бұл Алматы қаласының тарихы мұражайындағы НКВД-КГБ лагерлер жүйесі ГУЛАГ-тың жойылғанына 50 жыл толуына арналған дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстанда саяси қуғын- сүргінге ұшырағандарды еске алу үшін Астананың түбінде АЛЖИР мұражайы ашылды. Ондағы мемориалда 7 мың әйелдің аты-жөні жазылған. Олардың 179-ы қазақ ұлтының өкілдері. Өзгелері Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінгендер. Сондықтан өзге лагерлерге жіберілген қазақстандықтардың есімін анықтау үшін деректер базасын құру қажет. Мәселен, қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы заң шықаннан бері жазықсыз сотталған 340 мыңнан астам адам ақталды. Олардың көбі Одақтың өзге лагерлерінде жазасын өтеді. Олардың тағдырын анықтау үшін халықаралық деректер базасы жүйесіне қосылумыз керек. Қаралы тарихты білу біздің парызымыз. Сондықтан Саяси қуғын-сүргінге ұшыранғандар қауымдастығы алдағы ақпан айында халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр", дейді "Әділет" тарихи-ағарту қоғамының төрағасы Бейбіт Қойшыбаев. Қайраткер жазушының айтуынша, жазасын еңбекпен өтеу лагерлері жүйесінің жабылғанына 50 жыл толса да оның шындығын көп адам әлі толық біле бермейді. Сондай-ақ жазықсыз жазаланғандарға жеткілікті әлеуметтік көмек берілмеді. Олар өздерінің құқықтарын толық пайдаланып жүрген жоқ.